Қостанайлықтар Ыстықкөлде
Жаз мезгілі- ұстаздар қауымы үшін жаңа оқу жылына күш жинап, демалатын кезең. Осы уақыт неғұрлым әсерлі болса, жұмыс нәтижесі соғұрлым жемісті болмақ. Осыны жақсы түсінген Облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жолдама бойынша демаласымызды Ыстықкөлде ұйымдастырды. Шілде айының ортасында әріптестеріммен бірге «Ала тоо» панионатында демалып қайттым. Пансионаттың ауасы ерекше, ағаштар мен гүлдердің аңқыған жұпар иісі көңіл-күйімізге ерекше әсер етіп, жолдан шаршағанымызды бірден ұмыттырды.
«Таңертеңгілік көл жағасында таза ауамен тыныстау денеңде бар дертіңді қашырады», – деп кеңес берді бізді қарсы алған пансионат әкімшілігі. Содан ерте оянып, көгілдір әрі тұнық су кереметіне қызығып, рахатқа батасың.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісін
Көкірек, қанша жұтсаң тоясың ба?-
деген өлең жолдары осындай табиғат тартуына байланысты айтылып, ақын –жазушыларға шабыт бергенін осындай жерде түсінесің.
Алғашқы күні Шыңғыс Айтматов атындағы мәдениет орталығына бет алдық, бұл жер бетіндегі ашық аспан астындағы бірден-бір мұражай екен. Қырғыз халқының мәдениетін, әдебиеті мен тарихын қаншалықты дәріптейтінін осы жерден бағалауға болады. Мұндағы әрбір балбалтас, әрбір мүсін тарихтан сыр шертеді. Елінің мәдениетін бес саусағындай білетін жас әрі білімді гид манасшылар туралы тамсандыра әңгімелеп, тыңдаушыларды өзіне баурап алды. Келесі күні әріптестерім тау шыңына көтеріліп, қарасаң көзің тоймайтын Григорьев шатқалы мен жасыл желекке көмкерілген тау бөктеріндегі сарқыраманы тамашалап келді. Мұндағы өзенді жағалай өскен шырша, қарағай жердің сұлулығын арттыра түседі. Шаршағанына қарамастан түннің бір уағына дейін осы күні көрген қызықтарын талқылау көпке дейін толастамады, бұндай белсенді демалыстан «саяхатшылар» ләззат алғанын байқадым. Келесі күні «Ақ бермет» ыстық бұлақ суына шомылып, денеміз тағы бір рахатқа батты.
Өзге мемлекетте жүрсек те, қырғыз бауырларымызбен тез тіл табыса алдық, тіл жақындығы ешбір кедергісіз түсінісуімізге жағдай туғызды, гидтердің құлаққа жағымды үні, жүйрік тілі ақпаратты қабылдауымызға игі әсерін тигізді. Туғандарымызға сыйлық алып, қайтар мезгіл келгенде: «Жақсы жеткиле»,-деп қырғыз бауырларымыз сәт сапар тіледі. Әрине, осындай сапарды ұйымдастыра білген және әріптестерімнің сапалы демалуына жағдай жасаған Облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына алғыс айтамын.
Қостанай ауданы
Затобол мектеп-гимназиясының мұғалімі
Адиятова Ализа Төлепбергенқызы
Leave a Reply
Want to join the discussion?Feel free to contribute!