ЕҢБЕК АДАМЫ
Омарбекова Күлшат Қонысовна кітапхана саласындағы өзінің қызметін шын ықыласпен атқарып жүрген білікті маман. Ауылдық кітапхана қазіргі таңда тек оқырмандарға кітап ұсынып қана қоймай, әр адамның жан дүниесіне жақын кеңестер мен ұсыныстар беретін орынды білдіретін мәдениет ошағына айналды. Ол әрдайым оқырмандарын жылы жүзбен қарсы алады, әрқайсысына қажетті сөздер мен көңіл бөледі. Күлшат Қонысовна өз ісіне деген адалдықпен және біліктілігімен ауылдастары мен әріптестерінің арасында зор құрметке ие. Өзінің терең білімділігі мен тәжірибесін үнемі дамытып отыратын маман.
1970 жылы 10 ақпанда Жалғызтал ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Молодежное ауылында тұрып, 2012 жылдың 12 қарашасынан бастап Арқалық қаласының ММ «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мекемесінде кітапханашы болып қызмет атқарып келеді. Костанай гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, «Кітапхана ісі» мамандығын аяқтаған.
Молодежное ауылдық кітапханасында бірнеше маңызды жобалар мен клубтар жұмыс істейді. «Ауылым-алтын бесігім» жобасы аясында ауылдың тарихы, алғашқы тың игерушілер, еңбеккерлер мен тыл ардагерлері туралы көптеген материалдар жиналып, арнайы альбомдар мен көрмелер ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындарының мәдени өміріне үлкен үлес қосуда. Ауылдық кітапхана арқылы мәдени іс-шаралар, шығармашылық кештер, тақырыптық жиындар ұйымдастырылып, ауыл халқының рухани деңгейін көтеруге септігін тигізуде. «Жас эколог» қызығушылық клубы экология және қоршаған орта мәселелеріне қызығушылық танытқан жастарды біріктіріп, жыл бойы түрлі шаралар өткізуде. Күлшат Қонысовна осы клубтың жетекшісі ретінде экологиялық жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, «Құс күні» мерекесіне арналған викторина, фотокөрмелер, ағаш отырғызу сияқты көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Келешекте табиғатқа экскурсиялар, гербарийлер жинау сияқты жоспарлы жұмыстар да бар. Күлшат Қонысовна ұжымда жұмыс істей отырып, әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатып, командалық жұмыстың дамуына үлкен үлес қосады. Ол әрдайым өз білімі мен тәжірибесімен бөлісуге дайын, жаңа бастамаларды қолдайды және әріптестерінің кәсіби дамуына ықпал етеді.
Біліктілікті арттыру мақсатында Күлшат Қонысовна түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысып, өз білімін үнемі жетілдіріп келеді. Оның кәсіби деңгейі жоғары және әрқашан жұмысына деген жауапкершілігі мен ынтасы жоғары.
2015 жылы Арқалық қаласының әкімі тарапынан алғыс хатпен, 2016 жылы Арқалық қаласының мәдениет және тілдер бөлімі тарапынан грамотамен, 2022 жылы қалалық әкімнің грамотасымен және 2023 жылы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы тарапынан грамотамен марапатталды.
Ол әр адамды жеке тыңдай отырып, оның қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеріп, оқырманға сәйкес кітаптар ұсынады. Ол оқырмандарды кітаптарға тартудың түрлі жолдарын табады, әсіресе балалар мен жастарды кітап оқуға баулу бағытында үлкен жұмыс атқарып жүр.
Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!