Еңбек адамы
Еңбек адамы – бұл құрметке лайық, кейде тіпті романтикалық сипатқа ие ұғым. Бұл ұғым тек қана физикалық немесе зияткерлік еңбекпен айналысатын адамды емес, сонымен қатар қоғамға пайда әкелуді, адалдықты, еңбекқорлықты және шығармашылықты өмірлік құндылықтарының негізіне қойған тұлғаны білдіреді. Тарихи тұрғыдан алғанда, еңбек адамының бейнесі адалдықпен, қарапайымдылықпен және табандылықпен тығыз байланысты.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Башпаев Кажимукан Шиндавлетович, Қостанай облысы әкімдігі Ветеринария басқармасының «Қамысты ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Қарабатырауылдық округіндегі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі.
Жануарларға деген махаббат – ветеринар мамандығын таңдаудың басты себебі. Ветеринария саласында кездейсоқ адамдар болмайды. Бұл – тек мамандық емес, бұл – жануарларға деген шексіз сүйіспеншілікті, терең білім мен шеберлікті талап ететін өмірлік ұстаным.
Башпаев Кажимукан Шиндавлетович 1966 жылы дүниеге келген. 1983 жылы орта білім алып, 1984 жылы мектепті аяқтаған соң әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, 2 жыл қызмет етеді. 1986 жылы Заречное ауылындағы ауылшаруашылық техникумына түсіп, арнаулы орта білім алады. 1989 жылы Троицк ветеринарлық институтына оқуға түсіп, 1996 жылы оны тәмамдайды. Осы жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қамысты аудандық ветеринариялық станциясында ветеринар дәрігер болып еңбек етіп келеді.
Кажимукан Шиндавлетовичтің отбасында да оның баласы, інісі мен жиені ветеринар мамандығын таңдаған. Ол өз еңбекқорлығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі арқылы бұл мамандықтың маңыздылығын, дұрыс таңдау екенін жақындарына дәлелдеді.
Кажимукан Шиндавлетовичке кәсіби шеберлігі, жанашырлығы, жоғары адамгершілік қасиеттері – жанашырлық, сабырлылық, жауапкершілігі үшін зор алғысымызды білдіреміз.
Сондай-ақ, ветеринария саласы мамандарының қоғамға қосатын үлесі орасан екенін атап өткіміз келеді. Олар тек жануарлардың өмірін құтқарумен шектелмейді, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, зооноздық аурулардың таралуының алдын алады, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосады. Олардың еңбегі – жануарлар денсаулығы мен адамзаттың амандығының негізі. Бұл – зор құрметке лайық еңбек.
Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!