Қостанай облысында пікірсайыс өтті

 

 

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының съезіне ақпараттық дайындық тұжырымдамасын іске асыру аясында Қостанай облыстық Кәсіподақтар үйінде «Бізге қандай кәсіподақ керек?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге және одан кейінгі кәсіподақ белсенділерінің пікірсайысына Қостанай облысы кәсіподақтар орталығының өкілдері – модератор ретінде төраға орынбасары Исмагамбетов А.Т., кәсіподақ ардагерлері, Қостанай облысы Әдеп жөніндегі кеңесінің уәкілетті мүшесі Сюндиков К.Ж., әріптес органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, әлеуметтік серіктестер, аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің ашылуында салалық кәсіподақтың Қостанай облыстық филиалының төрайымы Донбаева Гүлнара Дәлібайқызы сөз сөйлеп, кәсіподақтардың қазіргі жағдайға бейімделіп, кәсіподақ қозғалысын дамытудағы басым бағыттарды жүзеге асыруда белсенді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

Кәсіподақ мүшелері өз пікірлерін белсенді білдірді. Меңдіқара аудандық филиалының төрайымы Тимошова Н.В.: «Кәсіподақтар – қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда, әлеуметтік әріптестікті ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Олар еңбек заңнамасының сақталуына кепіл болып, еңбек қатынастарын реттейтін нормативтік актілерді әзірлеуге қатысады, қызметкерлердің мүдделерін мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер алдында білдіреді. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, еңбек қатынастарының тұрақтылығына және ел экономикасының дамуына үлес қосады», – деді.

Қостанай ауданының «Карьералық орталық» филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ербуланова М.К. жұмыс жағдайын жақсартуда, жалақыны арттыруда, заңсыз жұмыстан шығару мен артық жұмыс істеуден қорғауда кәсіподақтардың рөлін атап өтті.

Мемлекеттік қызметкерлер атынан сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Малькова Я.А. кәсіподақтардың мемлекеттік қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудағы маңыздылығын, әділетті әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастырудағы үлесін атап өтті.

Салалық кәсіподақтың «Келешек» жастар қанатының мүшесі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алия Ахметова жастардың кәсіподақ қозғалысына қатысуы жайлы: «Бүгінгі жастар жай бақылаушы болғысы келмейді, оларды тыңдағанын, олардың нақты әсері барын сезіну маңызды. Сондықтан жастарды кәсіподаққа тарту үшін олардың тілімен сөйлесу, кәсіподақ – бұл ескірген құрылым емес, керісінше, құқықты қорғау, даму мен өзін-өзі іске асырудың заманауи құралы екенін көрсету қажет. Жастар «қосалқы күш» болғысы келмейді – оларға рөл беріңіздер, дауыс беріңіздер, сонда олар белсенді болады. Талқылауларға қатыссын, бастамалар ұсынсын, өз маңыздылығын сезінсін», – деді.

Дебатқа қатысушылар «Бізге қандай кәсіподақ керек?» акциясы аясында көтерілген барлық мәселелер бойынша дөңгелек үстел жұмысына белсене атсалысып, кәсіподақ жүйесін жаңғыртуға қатысты ұсыныстар айтып, шешу жолдарын талқылады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мынадай резолюция қабылданды:

  • Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарымен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен сындарлы өзара іс-қимылды күшейту;
  • Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия жұмысына белсенді қатысу;
  • Еңбек және еңбек қауіпсіздігі заңнамасының сақталуына кәсіподақ тарапынан бақылауды күшейту;
  • Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кәсіподақ қызметін дамыту;
  • Салалық кәсіподақтың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғау жөніндегі ұстанымын түсіндіру жұмыстарын кеңейту;
  • Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қызмет көрсету салаларында кәсіподақ мүшелігінің мотивациясын арттыру;
  • Кәсіподақтың жастар қанатының жұмысын жандандыру арқылы жаңа кәсіподақ белсенділерінің буынын қалыптастыру.

0 ответы

Ответить

Хотите присоединиться к обсуждению?
Не стесняйтесь вносить свой вклад!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *