ЕҢБЕК АДАМЫ
Қостанай облысы бойынша «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Арқалық қалалық ветеринария станциясының мал бершілді Добкевичюс Эльвира Зигмантасқызын таныстырады.
Мал бершіл – малдың саулығын қадағалап, ауырған жануарларға күтім жасап, басқа ветеринар мамандарға көмек көрсететін маман. Бүгін біз Ангар ауылдық ветеринариялық пунктінде еңбек етіп жүрген осындай мамандардың бірі – Добкевичюс Эльвира Зигмантасқызы туралы әңгімелемекпіз. Ол Арқалық қалалық ветеринария станциясындағы өз саласының үздік те тәжірибелі мамандарының бірі десек артық айтқандық емес. Өз ісіне шын берілген, жүрек қалауымен еңбек етіп жүрген ветеринариялық санитар деуге толық негіз бар. Эльвира Зигмантасқызы жануарлар анатомиясы мен физиологиясы саласында терең білімге ие. Оның біліктілігі мен адалдығын Ангар ауылының тұрғындары да жоғары бағалайды.
Эльвира Зигмантасқызы 1969 жылы 16 желтоқсанда Тасты совхозында дүниеге келген. 1990 жылы Новоишим ауылшаруашылық техникумын «Зоотехник» мамандығы бойынша аяқтады.
Оқу бітірген соң Амантоғай ауданының «СССР-дің 50 жылдығы» совхозында зоотехник болып жұмыс істеді. 1998 жылы Арқалық қаласына қарасты Ангар ауылына қоныс аударып, осы күнге дейін Қостанай облысы әкімдігінің Ветеринария басқармасына қарасты Арқалық қалалық ветеринария станциясында ветеринариялық санитар қызметін атқарып келеді.
Еңбек өтілі барысында «Малдарды көбейту саласы бойынша мамандарды даярлау (техник-ұрықтандырушылар)» тақырыбындағы курстарда оқып, сәтті аяқтап, сертификат алды.
Эльвира Зигмантасқызы – жүктелген міндеттерді уақтылы орындайтын, сенімді әрі жауапты маман ретінде танылған жан. Күтпеген жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алады. Сын-ескертпелерді сабырмен қабылдайды. Әріптестері арасында сыйлы, басшылық тарапынан беделге ие.
Оның ұлы – анасының жолын қуған, қазіргі таңда Ресейде ветеринария мамандығы бойынша аспирантурада оқып жүр.
Эльвира Зигмантасқызы қар, жаңбыр, аптап ыстық демей, сырқат жануарларға әрқашан көмекке келеді. Бұл – оның өмірінің мәні десек болады: адамдар мен жануарларға көмектесу.
Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!