ҚҰРЫЛТАЙ: КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ҚОРҒАУДЫҢ ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТЫН ӘЗІРЛЕУ БАСТАМАСЫН КӨТЕРДІ

Дүйсенбі, 19 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды. Бұл қоғамдық форумның жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы – Ұлттық құрылтай мүшесі Сатыбалды Дәулеталин қатысып жатыр.
Екі күнге созылатын жиынның алғашқы күні төрт панельдік секция форматында өтті. Қатысушылар әлеуметтік-мәдени дамудан бастап, ғылым мен білімге дейінгі ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, форум мүшелері азаматтық қоғам мен экономикалық өрлеудің жалпы ел дамуына қалай әсер ететінін сөз етті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Азаматтық қоғам» секциясында Жасанды интеллектіні дәуірінде жұмысшыларды қорғаудың ұлттық стандартты әзірлеп, бекітуді ұсынды.
Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) – бүгінгі күннің шындығы. Ол өндіріс процестерін өзгертіп, кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарына өз түзетулерін енгізіп жатыр.
«Біздің міндетіміз — заң әлі жетпей жатқан жерлерді алдын ала реттеп, адамдарды қорғау. Ережені неғұрлым ерте бекітсек, жұмысшыға да, бастыққа да, мемлекетке де соғұрлым түсінікті болады. Меніңше, әділ цифрландыру дегеніміз — экономика адамның есебінен емес, адаммен бірге пайда табуы керек. Өнім көп шықса, онымен бірге жалақы да, қауіпсіздік те, жұмыс орнының сапасы да өсуі тиіс. Технология адамның орнын баспай, оған көмекші болуы керек. Бұл Стандартта не жазылуы тиіс: «автоматтандыру» деген сылтаумен адамдарды негізсіз жұмыстан шығармау; мамандық өзгерсе, міндетті түрде қайта оқыту мен өтемақы беру; адамды бағдарламаның өзі еш түсіндірусіз жұмыстан шығарып жібермеуі үшін шешімдердің ашық болуы; жұмысшының өзі туралы қандай дерек жиналып жатқанын білуі; цифрлық жүктеме мен стресстен қорғау — бұл да денсаулыққа қауіп», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақ жетекшісі жұмысшының құқығын қорғап жүрген Кәсіподақтар федерациясы бұл Стандартты әзірлеуге тікелей қатысуға дайын екенін айтты.
«Басты қағида қарапайым: жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек. Еңбек саласындағы мемлекеттік саясат мұны жай ұранмен емес, нақты жұмыс істейтін ережелермен бекітуі тиіс. Біз өз тарапымыздан кәсіби деңгейде атсалысуға дайынбыз: бізде еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесі, жергілікті жердегі нақты жағдай, әлеуметтік серіктестік пен ұжымдық шарттар практикасы бар. Құрылтай осы үшін керек: болашақ туралы дерексіз емес, нақты шешімдер арқылы сөйлесу қажет. Құрылтай — осындай шешімдерге бағыт-бағдар беретін алаң», — деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.
Сейсенбі, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Мемлекет басшысы елдің болашағы туралы өз пайымын және жақын арадағы мемлекет дамуының жолын айқындайтын стратегиялық басымдықтармен бөліседі.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
6 дн. 

Поделился/-ась с Доступно всем
На Национальном курултае в Кызылорде Председатель ФПРК Сатыбалды Даулеталин выступил с инициативой разработать национальный стандарт защиты прав работников при внедрении ИИ — чтобы цифровизация шла без ущерба человеку труда.

0 ответы

Ответить

Хотите присоединиться к обсуждению?
Не стесняйтесь вносить свой вклад!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *