КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ ТАЛҚЫЛАУЫ АУДАННЫҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫНДА ӨТТІ
Б. Майлин атындағы ауданның кәсіподақ ұйымдарында «Жаңа Конституция – әділеттіліктің негізі» атты жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесулер өтті. Салалық «Қызмет» кәсіподағының аудандық филиалының төрағасы Гаухар Шұңғырбаева кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының конституциялық реформаны қолдау жөніндегі үндеуін жеткізді. Кездесулер барысында құжаттың негізгі ережелері талқыланды.
Жаңа Конституция – бұл күшті әрі әділетті мемлекет құру жолындағы саналы таңдау. Әсіресе әлеуметтік-еңбек саласындағы тәсілдердің нақтылануы ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасы Конституциясы жобасының 27-бабында бұрынғы «еңбек ету бостандығы» ұғымының орнына нақты норма бекітілген: «Әр адам еңбек ету құқығына ие». Бұл ереже Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактке сәйкес келеді және мемлекетті жұмыс орындарын құруға, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағдарлайды, – деп атап өтті Гаухар Шұңғырбаева.
Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау кәсіподақ қозғалысының басты басымдығы болып қала береді. Жаңа Конституция өкілді демократия институттары мен азаматтық қатысуды біріктіре отырып, мемлекеттілікті одан әрі дамытудың құқықтық негізін қалыптастырады.
Құжатта әлеуметтік кепілдіктерге – еңбек ету құқығына, ұлттық ресурстарды әділ бөлуге, экологияны қорғауға және отбасы институтын қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, азаматтардың дербес деректерін және цифрлық құқықтарын қорғау конституциялық деңгейге көтеріліп отыр.
Жоба кәсіподақ мүшелері тарапынан кең қолдауға ие болды. Ауданның кәсіподақ ұйымдары оның еңбек құқықтарын қорғаудағы, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы және еңбек адамдарының өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтуде. Аудандық филиал мүшелері өзегінде адам мен азаматтың мүддесі тұрған ұсынылған жобаны қолдайды.


Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!