ТАЛҒАТ ЕРКЕБЛАНҰЛЫ ҚАЙКЕНОВ — МЕДИЦИНАҒА АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ
Қайкенов Талғат Еркебланұлы, 1979 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институты түлегі, қырық жылдан астам уақытын денсаулық сақтау саласына арнады. Еңбек жолын Рудный қаласындағы ССГОК медициналық-санитарлық бөлімінде хирург-дәрігер болып бастап, кейіннен тамыр хирургі ретінде еңбек етті.
Көпжылдық қызметінде ол тәжірибелі дәрігерден ірі медициналық мекеме басшысына дейінгі жолдан өтті. 2008 жылдан 2024 жылдың тамызына дейін Талғат Еркебланұлы Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы» КМК-ін басқарды.
Оның жетекшілігімен аурухана заманауи көпсалалы медициналық мекемеге айналып, озық технологиялар мен аз инвазивті емдеу әдістері белсенді түрде енгізілді. Ангиографиялық зертхана мен кардиохирургиялық операциялық бөлім ашылып, диагностикалық мүмкіндіктер кеңейтілді, емдеу үдерісін тоқтатпай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол медициналық қызметтерді дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және жас мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлді.
Денсаулық сақтау саласының менеджері, Қостанай облысындағы тамыр хирургиясының негізін қалаушы, өңірдің бұрынғы штаттан тыс бас ангиохирургі Талғат Еркебланұлы «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған. 2020 жылы оған «Рудный қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Бүгінде ол ауруханада ұйымдастыру-әдістемелік мәселелер жөніндегі басшы қызметін атқарып, кәсіподақ жұмысына белсенді қатысып, жас дәрігерлерге тәлімгерлік етуде. «SENIM» кәсіподағы құрылған күннен бастап аурухана ұжымы алғашқылардың бірі болып толық құрамда оның қатарына қосылып, медицина қызметкерлерінің кәсіби мүдделерін қорғауға деген бірлігін көрсетті.
Әріптестері Талғат Еркебланұлын жоғары кәсібилігі, әділдігі және адамдарға деген ықыласты көзқарасы үшін ерекше бағалайды. Ол әрдайым қолдау көрсетуге және тәжірибесімен бөлісуге дайын, парасатты әрі талапшыл тәлімгер. Үлгілі отбасы иесі, өмірге құштар, ашық-жарқын жан ретінде сүйікті ісі — суасты аңшылығына да уақыт табады.
Талғат Еркебланұлының өмір жолы — жауапкершілік пен адамгершіліктің, мамандыққа деген адал қызметтің жарқын үлгісі, құрмет пен өнеге тұтарлық тағдыр.


Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!