ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ – КӘСІПОДАҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Кәсіподақтар үйінде елдің жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Диалог алаңына аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қостанай облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова талқыланып отырған құжаттың тарихи маңыздылығын және оны қарастыруда азаматтық қоғамның белсенді қатысуының маңызын атап өтті.
«Бүгін елімізде әділетті әрі орнықты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған ауқымды қоғамдық-саяси өзгерістер жүріп жатыр. Конституция жобасы еңбек адамына бағдарланған, оның негізгі құқықтарын бекітеді және әрбір азаматтың даусы естілуі үшін жағдай жасайды. Айқын ережелер жұмыс істеп, институттардың жауапкершілігі артқан жерде әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктері де кеңейеді», — деді Ирина Аронова.
Ең көп талқыланған баяндамалардың бірі – «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Татьяна Булгацевичтің сөз сөйлеуі болды. Ол кәсіподақтардың цифрлық сервистерін дамыту мәселелеріне тоқталып, жаңа құралдарды енгізу аса байыпты әрі салмақты көзқарасты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақ мүшелерінің мобильді қосымшалар мен жеке кабинеттерге қолжетімділігін кеңейту оқыту мен ақпарат алуға қосымша мүмкіндіктер ашумен қатар, әсіресе қаржылық қызметке қатысты мәселелерде ашықтыққа деген сұранысты арттырады.
Спикердің пікірінше, цифрлық бастамаларды іске асыру барысында алдын ала тиімді ақпараттандыру және кері байланыс жүйесін қалыптастыру маңызды. Ашық диалог пен уақтылы түсіндіру жұмыстары мүмкін болатын түсінбеушіліктердің алдын алып, кәсіподақ мүшелері тарапынан сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Ата заң жобасының негізгі ережелері бойынша пікір алмасты, оның әлеуметтік кепілдіктерді нығайтудағы және мемлекетті одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.
Осындай диалог алаңдары кәсіподақ қауымдастығының ұстанымын біріктіруге және еңбеккерлердің мүдделерін білдіретін ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Конституция жобасын белсенді талқылау еңбек ұжымдарында да жалғасып, алдағы өзгерістерді және олардың әрбір азамат үшін маңызын тереңірек түсінуге ықпал ететін болады.

Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!