ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚТАРЫ БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
2026 жылғы 5 наурызда «Бастауыш ұйым, хал-жағдайың қалай?» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиеваның Қостанай облысындағы орман шаруашылығы кәсіпорындарының бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен онлайн-кездесуі өтті.
Кездесуге қатысушыларды құттықтай отырып, Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ирина Аронова мұндай алаң бастауыш ұйымдардың нақты жұмыс нәтижелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіподақ қозғалысын дамытудың алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бүгінде Қостанай облысының орман шаруашылығы кәсіпорындары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы 11 бастауыш ұйымдағы 1152 кәсіподақ мүшесін біріктіреді. 2025 жылы кәсіподақ құрамына тағы бір бастауыш ұйым қосылып, оның құрамында 67 адам бар. Нәтижесінде облыс бойынша сала қызметкерлерін кәсіподақпен қамту деңгейі 100 пайызға жетті.
«Урицкий орман шаруашылығы мекемесі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Скорая ұжымдағы кәсіподақ жұмысы туралы баяндады. Мекемеде 109 қызметкер еңбек етеді және олардың барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады. 2024–2026 жылдарға арналған ұжымдық шартты іске асыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл құжатта қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен қолдау шаралары қарастырылған.
«Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметі туралы оның төрайымы Таңшолпан Арғынбайқызы айтып берді. Ол әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіподақ белсенділерін оқыту мәселелерін атап өтті.
«Қостанай облысының орман шаруашылығы кәсіпорындары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Макрушин кәсіподақтың әлеуметтік әріптестікті дамытуға белсенді қатысып отырғанын жеткізді.
Жұмыс берушілермен бірлескен әрекет пен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қолдауының арқасында соңғы жылдары елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артты, орман қорғау қызметінің штаты күшейтілді, мекемелерде заңгер лауазымдары енгізілді. Бұл қызметкерлердің құқықтық қорғалуын нығайтуға мүмкіндік берді.
Кәсіподақ еңбек қауіпсіздігі, құқықтық көмек көрсету және кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бастауыш ұйымдарда келісім комиссиялары мен өндірістік кеңестер жұмыс істейді, кәсіподақ белсенділерін оқыту жүргізіліп, еңбек заңнамасы мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.
«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Үстеміров сала алдында тұрған негізгі мәселелер туралы айтты. Оның айтуынша, кәсіподақтың бастамасы және салалық министрліктің қолдауы нәтижесінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін сала қызметкерлеріне 25 пайыздық үстемақы белгілеу, сондай-ақ орман қорғау және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне далалық үстеме төлемдерді қалпына келтіру қарастырылған. Бұл өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Кездесу қорытындысын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева жасады. Ол әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек заңнамасын жетілдіру және қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерін оқытудың, гендерлік және жастар саясатын дамытудың, сондай-ақ кәсіподақтар қызметіне цифрлық платформаларды енгізудің маңызы айтылды. Оның ішінде «Цифрлық кәсіподақ» жобасы да бар.
Кездесу соңында ол жергілікті жерлерде еңбек етіп жүрген кәсіподақ қызметкерлеріне алғыс білдіріп, дәл олардың еңбегінің арқасында әлеуметтік әріптестік нығайып, еңбеккерлердің өзекті мәселелері шешіліп жатқанын атап өтті.




Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!