ЕҢБЕК АДАМЫ — АШЫҚ ЖҮРЕКПЕН ЖӘНЕ ІСІНЕ АДАЛДЫҚПЕН
Кейбір адамдар туралы «бар ғұмырын өз кәсіпорнына арнаған жан» деп айтады. Наталья Николаевна Пастерук дәл сондай адам. Оның қырық жылдан астам еңбек жолы туған кәсіпорнымен және кәсіподақ қозғалысымен тығыз байланысты.
1982 жылы жас қыз Наталья Николаевна Жітіқара асбест кен-байыту комбинатына жұмысқа келді. Сол кезде бұл кәсіпорын оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, ондаған жылдарға созылатын еңбек жолын қалыптастырады деп ойламаған да еді. Алайда дәл осы жерде ол өз кәсіби жолын тауып, өмірінің мәніне айналған мамандығын меңгеріп, 44 жыл бойы адал қызмет еткен ұжымын кездестірді.
Осы жылдар ішінде Наталья Николаевна жөндеу-механикалық зауыттағы жұмыстан бастап теміржол цехының маманына дейінгі үлкен еңбек жолынан өтті. Әріптестері оның жауапкершілігін, адалдығын және жоғары кәсібилігін әрдайым ерекше атап өтетін. Ол қолға алған кез келген іс сапалы әрі уақытында орындалатын.
Алайда ұжымның құрметіне ол тек білікті маман ретінде ғана емес, кең жүректі, ақжарқын әрі әділдікті ту еткен жан ретінде де ие болды. Сондықтан 2013 жылы оған «Қостанай минералдары» АҚ кәсіпорындық теміржол көлігі ұйымының кәсіподақ ұйымын басқару сеніп тапсырылды. Кейін әріптестері оған бірнеше рет қайтадан сенім білдіріп, Тау-кен көлік кешенінің кәсіподақ ұйымының төрайымы етіп сайлады.
Көптеген қызметкерлер үшін ол кеңес сұрап, қолдау мен көмек алуға болатын сенімді адамға айналды. Наталья Николаевна әрдайым адамдарды тыңдап, еңбеккерлердің мүддесін қорғап, ең күрделі жағдайлардың өзінде дұрыс сөз таба білді.
Наталья Николаевнаның көпжылдық әрі адал еңбегі бірнеше рет алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен және сыйақылармен марапатталды. Оның марапаттарының қатарында «Еңбек ардагері» медалі мен кәсіподақтың салалық «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі бар.
Зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Хайдар Жабықбаевич Камбаров Наталья Николаевнаға көпжылдық бірлескен еңбегі, кәсіподақ қозғалысына адалдығы және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін белсенді қорғағаны үшін алғыс білдірді.
Құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде ол Наталья Николаевнаға «Сосновый бор» шипажайында емделуге арналған сертификат табыстап, зор денсаулық, отбасы амандығы және ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.


Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!