ҒҰМЫРЫН АДАМ ӨМІРІН САҚТАУҒА АРНАҒАН ДӘРІГЕР

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қостанай облыстық филиалы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіп одағы өз ісіне адал болып, саналы ғұмырын адам өмірі мен денсаулығын сақтауға арнаған сала ардагерлерін таныстырады. Солардың бірі – тәжірибелі дәрігер, балалар реаниматологиясының дамуына елеулі үлес қосқан Құмарғазы Жұмағалиұлы Сальменбаев.
Құмарғазы Жұмағалиұлы еңбек жолын Арқалық қаласында дәрігер-педиатр ретінде бастап, ұзақ жылдар бойы балалар денсаулығын қорғау саласында қызмет етті. Өз ісіне деген жауапкершілігі, жоғары кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында әріптестері мен ата-аналардың құрметіне ие болды.
1987 жылы оның бастамасымен Арқалық қаласында балалар реанимациясы бөлімі ашылды. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиға болды. Ол бөлімнің құрылуына тікелей атсалысып, кейін ұзақ жылдар бойы оның меңгерушісі қызметін атқарды.
Балалар реанимациясы – медицинадағы ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірі. Осындай жауапты қызметте Құмарғазы Жұмағалиұлы жоғары кәсібилігін, ұйымдастырушылық қабілетін және табандылығын көрсете білді. Мамандар тапшылығы сезілген кезеңдерде бөлім жұмысын тиімді ұйымдастырып, жас дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға ерекше көңіл бөлді. Оның тәлімін алған көптеген мамандар бүгінде денсаулық сақтау саласында табысты еңбек етіп келеді.
Көпжылдық еңбек жолында ол жүздеген баланың өмірін сақтап қалуға үлес қосты. Денсаулық сақтау саласын дамытуға және халық денсаулығын қорғауға қосқан елеулі еңбегі үшін «Алтын дәрігер» медалімен, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, сондай-ақ көптеген Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды.
Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де Құмарғазы Жұмағалиұлы медицина саласынан қол үзбей, өзінің мол тәжірибесі мен білімін жас буын мамандарға үйретіп келеді.
Құмарғазы Жұмағалиұлының өмір жолы – мамандыққа адалдықтың, кәсібиліктің және адам өмірін сақтауға деген шынайы қызметтің жарқын үлгісі.
0 ответы

Ответить

Хотите присоединиться к обсуждению?
Не стесняйтесь вносить свой вклад!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *